Республикалық ғылыми –тәжірибелік конференция.
15 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы мен осы үкіметтің көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанының 130 жылдығына арналған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Сырым ауданының әкімдігі мен Айболат Құрымбаев жетекшілік ететін «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры әріптестікте ұйымдастырған шараға алыс - жақыннан қонақ көп келді. Көрші Ресейдің Астрахан қаласынан және еліміздің Алматы, Астана, Семей, Петропавл, Маңғыстау қалаларынан конференцияға атақты алаштанушы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мұражай және мұрағат қызметкерлері, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен БАҚ өкілдері қатысты. Лисаков қалалық Жоғары Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайының ғылыми-қызметкері Айман Қадырханова да форум қатысушыларының қатарынан табылды. Ол өз материалында қалалық мұражайда Алаш ордасының 100 жылдығына орай өткізілген «Қуғын –сүргін жылдарындағы тағдырлар» дөңгелек үстелі турасында атқарылған жұмыстар жайлы, сонымен қатар қуғын - сүргінге ұшыраған Елдес Омаров - публицист, аудармашы, лингвист; Бәлдік Байтоғаев –қоғам қайраткері, ақын туралы айтып берді.
А. Қ. Қадырханова Сырым аудандық мұражайының директоры Айнагүл Ойшыбаеваға Лисаков қалалық Жоғары Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайының «Родная моя сторона» өлкетану зерттеулерінің жинағын табыс етті. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрген. Мұражай қоры тағы бір ғылыми жинақпен және «Алаш ордасына 100 жыл» картинасымен толықты.